Кеше облыстық әкімдік ғимаратында «ҚР колледждерінің топ 100 студенті» жобасында жеңімпаз атанған ақтөбеліктерге құрмет көрсетілді. Биыл аталған байқауға өңірімізден 16 жігіт пен қыз қатысқан-ды.
Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған республикалық жобаның мақсаты — техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын үздік, талантты жастарды анықтау, оларды ынталандыру. Әуелі колледж ішінде, сосын облыстық және республикалық деңгейде өткізілген байқау бас-аяғы 3 кезеңнен тұрды.
Пандемияға байланысты еліміз бойынша алдыңғы шептен көрінген білім алушылардың барлығы алысқа ұзамай, өз өңірлерінде ұлықталды. Біздегі жеңімпаздар — Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжі атынан қатысқан Бекқожа Төлепберген, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің атынан бақ сынаған Әлішер Төлегенов пен Жасұлан Қожамұратты облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева құттықтап, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Алғыс хаты мен медальді, сондай-ақ ақшалай сыйлықтарды табыстады.