Ахмет Байтурсынов
Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882-1884 жылдары әуелі көзі қарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады. 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып білім алады. 1895- жылдың 1- маусымынан бастап мұғалім болады. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы қалаларында бала оқытады, өмір күресіне араласады. Жуандарға, байларға қарсылық білдіреді, әділет үшін күреседі,патшаның отаршылық саясатын айыптайды. Ауылдық, болыстық, кейін екі сыныпты мектептерде ұстаз бола жүріп, 1901 жылдан бастап өздігінен ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жазады, аударма жасап, өлең-жыр шығарады, ауыз әдебиеті нұсқаларын жинайды.